Баланың мектепке дейінгі жасында өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларының дамуы
Мектепке дейінгі сәбилік шақта өзіне - өзі қызмет көрсету белгілі қиыншылықтарға байланысты (саусақ бұлшық еттерінің жеткілікті дамымағандығы, әрекеттердің бірізділігін игерудің қиындығы, оларды жоспарлай білмеушілік, көңілінің оңай бөлінуі), ал мұның өзі дағдылардың қалыптасу процесін тежейді, кейде баланың қатты әрекетті орындауға құлықсыздығын туғызады. Баланың осы жастан өзіне – өзі қызмет көрсете білу қабілетін дамыту оның- қажетті әрекеттерді орындауда ұқыптылық пен мұқияттылық, дербестік болуына күш салады, тазалық пен мұнтаздыққа әдеттендіреді. Осының бәрі сабырлықты, табандылық пен игі тілектестікті, көтермелеп отыруды талап етеді. Ең бастысы баланың өзіне жасауға мүмкіндік беру. Баланың өзіне-өзі қызмет көрсетуіне орай баламен жеке-дара жұмыс жүргізіп, онымен алуан түрлі байланыс жасап, көтеріңкі көңіл күйін қолдап отыру қажет. Киімнің және оның түрлі бөлшектерінің, жуынуға қажетті құралдардың т.б. аттарын атай отыра, баланың ана тілдегі сөздік қоры кеңейеді. Бала өзіне қамқорлық жасалғанын сезінеді, ересектерге деген сүйіспеншілік сезімі мен сенімі қалыптасады.
Мектепке дейінгі естияр шақта бала өзіне - өзі қызмет көрсетуде әжептәуір дербестікке ие болады, дағдының бұл түрі оның тұрақты міндетіне айналады. Балада өзара көмектесу тәсілі қалыптасады, ол жолдастарынан қалай көмек сұрауды, қалай көмек көрсетуді, көмектескені үшін алғыс айтуды үйренеді.
Бұл кезеңде тәрбиелік міндеттер күрделене түседі, олар: баланың бойында мұнтаздық пен тазалық әдеттерін, құрбыларының арасында өзін дұрыс ұстау дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Бала басқалармен араласуы барысында өзіне – өзі қызмет көрсетеді, сондықтан да ол маңайындағылардың қажеттілектерін түсінуі, білуі тиіс. Нақты мысалдар арқылы басқалардың қажетін ескере отырып қалай істеу керек екенін: шешінетін жерде шешінген баланың өтіп кетуі үшін жол беру; жуынған кезде кранның алдында ұзақ тұрып алмау, басқа біреуге қолайсыздық жасамау үшін өтуге рұқсат сұрау және т.с.с. керек екенін түсіндіру. Осының бәрі баланы қарапайым еңбегі сақтыққа, маңайындағыларды құрметтеуге дағдыландырады.
Мектепке дейінгі баланың өз – өзіне қызмет көрсету нәтижелері оның басқа қызмет түрлерімен салыстырғанда оншалық елеулі болмағанымен, ол баланың күнделікті өмірінде қажет. Бұл қызмет баланың үйде де, сыртта да өз – өзіне қызмет жасай алуы тазалық пен тәртіп сақтауға, ересектерге қолқабыс тигізуге үйретеді.
Мектепке дейінгі сәбилік шақта бала қарапайым дағдыларды: үй сыпыру, жинау, дастарқан жасауға көмектесу,ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды тәртіпке келтіру және жуу, үй маңындағы жапырақтарды жинау, қарды күреу, киімдерін өз орнына жинау, өздігінен киініп, шешіне білуге үйренеді. Алғашқыда бұл дағдылардың бәрі ойын түрінде таныстырылып жаттықтырылады. Тапсырманың мағынасын түсінген бала кейін өмірлік тәжірибесінде оны еске ала отыра, еш қиындықсыз орындай алатын болады.